Білім жаңалықтары
09.04.2026 | 53
Қазақстанда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың қызметі жаңартылды

Қазақстанда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың қызметі жаңартылды
Елімізде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың қызметіне қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Қазіргі уақытта өңірлердегі комиссиялар жаңартылған тәртіп бойынша жұмысы жасауда. Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңды іске асыру мақсатында 2026 жылғы 30 наурызда қабылданды.
Өткен жылғы көрсеткіштер комиссия қызметін жаңартудың өзектілігін айқындайды. Мәселен, 2025 жылы елімізде 4,1 мыңға жуық отырыс өтті. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға артық. Қаралған істер саны 26,7%-ға артқан, бұл деректер комиссиялардың қызметі жанданғанын көрсетеді. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға қатысты істердің үлесі 17,1%-ға азайған. Бүгінде республика бойынша 274 комиссия жұмыс істейді. Бұл комиссиялар- өңірлік деңгейде бала құқықтарын қорғау саласында шешім қабылдайтын бірден-бір ведомствоаралық орган.
Жаңа ережелер мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған. Құжатта республикалық деңгейден бастап аудандық және ауылдық деңгейге дейінгі комиссияларды қалыптастыру тәртібі нақты айқындалған. Олардың құрамына білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер, әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, психологтар, қоғамдық ұйымдар және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер кірді.
Комиссиялардың негізгі міндеттері - балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, оларды қалпына келтіру, құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын анықтау, қараусыздықтың, буллингтің, зорлық-зомбылықтың және қоғамға жат мінез-құлықтың алдын алу.
Ережелерде материалдарды қарау тәртібі, шешім қабылдау мерзімдері, отырысқа кәмелетке толмағандардың және олардың заңды өкілдерінің қатысу міндеттілігі, сондай-ақ балаларға және олардың ата-аналарына қатысты қолданылатын шаралар нақты регламенттелген. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды ерте кезеңде анықтау, оларды әлеуметтік оңалту және қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл ретте бала құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігі күшейтілді.
Жаңа ережелер комиссиялар жұмысының жүйелілігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға және әрбір баланың құқықтарын кешенді қорғауға мүмкіндік береді.
-
-
08.04.2026 | 76
Елордада жас ғалымдардың халықаралық сайысы басталды
-
06.04.2026 | 164
Абай ұлттық мектебінің 7-сыныбына қабылдау жалғасуда

