Білім жаңалықтары
29.04.2026 | 139
Еліміздің жас зерттеушілері экологиялық жобалар конкурсында бақ сынауда

Еліміздің жас зерттеушілері экологиялық жобалар конкурсында бақ сынауда
Астана қаласында 5-8 сынып оқушылары арасында экологиялық бағыттағы дарынды жас зерттеушілерді анықтауға арналған «ProEco» экологиялық жобалар конкурсы өтіп жатыр.
Ауқымды білім додасының негізгі мақсаты - экологиялық мәселелерге қызығушылық танытатын, зерттеу дағдылары қалыптасқан, шығармашылық және сыни ойлау қабілеті жоғары оқушыларды анықтау және қолдау. Биылғы конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінен іріктелген 88 жоба бойынша 105 оқушы қатысуда.
Жобалар төрт негізгі бағыт бойынша бағаланады. «Туған өлке табиғаты» бағыты аясында қатысушылар виртуалды экскурсиялар, 3D-модельдер мен интерактивті карталар ұсынады. «Мені қоршаған әлем – ғажайып әлем» бағыты табиғи құбылыстарды бейнелейтін бейнематериалдар, қысқа деректі фильмдер, фотоэсселер мен шығармашылық жұмыстарды қамтиды.
Ал «Үздік экологиялық бастама» бағыты экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған зерттеу жобалары, экодизайн үлгілері және инфографика элементтерімен толықтырылған талдамалық жұмыстарды біріктіреді. «Таза қала сізден басталады» бағыты аясында қалалық ортаны жақсартуға арналған экологиялық акциялар, көгалдандыру және абаттандыру жобалары ұсынылады.
Конкурс ережесіне сәйкес қатысушылардың 45 пайызы ҚР Оқу-ғарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының I, II, III дәрежелі дипломдарымен және грамоталарымен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификат табысталады.
-
-
01.05.2026 | 112
Тәлім мен татулық мектебі
-
01.05.2026 | 112
Ақтауда «Мектебім - достық картасы» фестивалі өтті
-
30.04.2026 | 164
Елордада «ProEco» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
-
30.04.2026 | 140
Оқушылар арасында білім мониторингі өткізіледі
-
29.04.2026 | 142
Астанада жас педагогтердің ІІ республикалық форумы басталды

