Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

18.04.2025 | 162

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Шығыс Қазақстан облысында жаңа музыка мектебін ашты

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Шығыс Қазақстан облысында жаңа музыка мектебін ашты

Жұмыс сапары аясында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде жаңадан салынған балалар музыка мектебінің ашылу салтанатына қатысты.

Заманауи стандарттарға сай салынған музыка мектебі балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Оқу орны 14 сыныппен және 126 орындық концерт залымен жабдықталған. Мұнда 500-ден астам бала дәстүрлі қазақ аспаптарында ойнаудан бастап (домбыра, жетіген, қылқобыз), академиялық музыка, вокал, хореография және театр өнері сияқты түрлі бағыттарда қосымша білім алады.

Ашылу салтанатында министр мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі ретінде қосымша білім беруді тұрақты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол мемлекет тарапынан жаңа орталықтар салынып, білім беру инфрақұрылымы жаңғыртылып, әсіресе ауылдық жерлерде балалар үшін жыл сайын мүмкіндіктер кеңейіп жатқанын атап өтті. Мектепке оқушылардың жайлылығы және оларды қауіпсіз тасымалдау үшін шағын автобус тарту етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қосымша білім беру жүйесін дамыту, балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық әрі зияткерлік әлеуетін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2027 жылға дейін елімізде 100 қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланған. Білімді, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, жан-жақты дамыған адал ұрпақ тәрбиелеу – білім берудегі басты міндет. Бұл мектеп жас ұрпақтың болашағына жол ашатын дарын ордасына айналады деп сенемін», – деді министр Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда. Бүгінде бұл көрсеткіш 94 пайызды құрайды.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки