Білім жаңалықтары
12.05.2025 | 55
Оқу-ағарту министрі Қызылорда облысының педагогтерімен және оқушыларымен кездесті
Оқу-ағарту министрі Қызылорда облысының педагогтерімен және оқушыларымен кездесті
Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірдегі білім беру ұйымдарының жұмысымен танысып, педагогтер қауымдастығымен және оқу жылында жетістікке жеткен білім алушылармен кездесті.
Бүгінде өңірде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7000-ға жуық орындық 10 мектептің құрылысы жоспарланған, оның алтауы пайдалануға берілген. Одан бөлек 47 мектепті жаңғырту көзделіп отыр. Сонымен қатар 2027 жылға дейін балабақшаларға кезектілікті жою мақсатында 13 мыңнан астам орындық 56 мектепке дейінгі білім беру ұйымын ашу жоспарлануда.
Өңірдегі білім беру ұйымдары басшыларымен өткен кездесуде министр білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, ұстаз мәртебесін сақтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Мемлекет педагогтерді қолдау және жайлы білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Бүгінде педагогтің алдында ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жөніндегі ерекше міндет тұр. Білім беру ісіне ішкі тұрғыдан кемелденген, заманауи сын-қатерлерге төтеп бере алатын зияткер ұрпақты тәрбиелеуге қабілетті жанашыр ұстаздардың келуі маңызды», - деді министр Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында министр түрлі зияткерлік жарыстардың жеңімпаздарынан құралған «Дарынды балалар» ұйымының мүшелерімен кездесті. Министр оларға отандық білім имиджін нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, жетістіктер тіледі. Сонымен қатар №290 жайлы мектепте «Ұстаздар галереясының» салтанатты ашылуына қатысты. Мұнда педагогтердің авторлық бағдарламалары негізінде оқушылар инженерлік-техникалық және қолданбалы өнер бағыттары бойынша ерте кәсіби бағдар алуда. Осылайша, мектеп тек қана білім алу ғана емес, мүмкіндіктер кеңістігіне айналуда.
-
-
07.05.2025 | 173
КҮН САНЫ